Ақбота Әбдіразаққызын еске алу
(11.05.1982 - 03.07.2020)
Нұрлы бейнең есте қалар мәңгілік,
Дауысың да құлақта тұр жаңғырып.
Арамызда жоқтығыңды білсек те,
Келетіндей арманменен сан үміт
Қамшының сабындай қайран тіршілік бір күні шарт сынары барлығымызғада аян. «Тумақ бар жерде, өлмек те бар» дейді. Шіркін, бәрі орнымен, бәрі ретімен келсе – өкініштің өзені тасып, қайғының қара жаңбыры жаумас еді ғой. Кеше ғана ортамызда күліп – ойнап, жарқылдап жүрген жайдары жан Ақбота Әбдіразақызын мына сұм ажал арамыздан алып кетерін кім білген? Өлім түгілі өкпеге қимайтын әріптесімізге ендігі жерде естелік айтамыз деп кім ойлаған?...
Оның ғұмырдариясы – мәңгілік ағысқа ауысты… Дегенмен, адам өмірі ұзақтығымен емес, тірі күнінде істеген игі істері, айналасына жасаған жақсылығымен, жалпы айтқанда ғұмырының мән-мағынасымен өлшенсе керек. Осы орайда Ақботаның аз ғана алтындай ғұмыры, қара жердің үстінде 38 жыл жүрген фәнибаяны мен еңбек жолына қысқаша шолу жасап өтейік. Ақбота Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Бадам елді мекенінде 1982 жылдың 11 мамырында дүние есігін ашты. Кіндік қаны тамған жерде балалық шағын өткізіп, мектеп бітірген Ақбота 2000 жылы Шымкент қаласындағы «Орта арнаулы педагогикалық колледжінде» білім алып «Бастауыш сынып мұғалімі, қосымша саз бейнелеу және бала тәрбиешісі» мамандығын тәмамдады. Асқақ арманға жетелеген өзінің еңбек жолын Ақбота осылайша шырайлы Шымқаладан бастап, алғашқы дипломын да қолға алған еді. Кейін де бойындағы ерік-жігері, ынта-ықыласы Ақботаны алға жетелей берді. Нәтижесінде, ол ОҚО Ордабасы ауданы, Бадам елді мекені С. Мұханов атындағы орта мектепте тәлімгер, қосымша өзін-өзі тану пәні мұғалімі болып 2001-2003 жылдар аралығында қызмет атқарды. Ізін ала 2005-2006 жылдары - №2 саңырау балалар интернатында тәлімгер тәрбиеші болды, ал 2006-2010 жылдар аралығында - №1 Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта мектепте аға тәлімгер ретінде еңбек етті. 2010-2014 жылдары Қызметтік жолын Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы №5 «Балғын» балабақшасында логопед маманы ретінде жалғастырған Ақбота, еңбек ете жүріп, қосымша Шымкент қаласындағы «Қазақстан инженерлі-педогогикалық халықтар Достығы» университетінде «Дефектология білім бакалавры» мамандығы бойынша білім алды. 2014 жылы Қазақстанның оңтүстігінен орталығына қоныс аударған Ақбота Целиноград ауданы, №3 Талапкер орта мектебінде логопед маман ретінде 1 жыл жұмыс істеді. Ал 2015 жылдан - қазіргі уақытқа дейін Целиноград ауданы, Ақмол ауылы №11 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде меңгеруші қызметін абыроймен атқарып жүр еді. Ақбота Әбдіразаққызы түзету кабинетінде 5 жыл еңбек еткенде балаларды түзету, оқыту мен тәрбиелеуде жасаған еңбегі зор еді. Сұм ажал жақсы жанның өмірін жалмады. Барлығы 16 жылдық еңбек жолында Ақбота білікті маман, жауапты қызметкер, ізгілік пен адамдық сияқты қасиеттерді өз бойына түгел сыйдыра білген, пайым-парасаты мол адам ретінде өзін көрсете білді. Әріптестерінің, жора-жолдастарының арасында да сыйлы болған Ақбота, Асылайым есімді қызының аяулы анасы, Абзалдай жолдасының асыл жары еді. Марқұмның анасына, отбасына, туған-туыс, жақындарына қайғырып көңіл айтамыз...
Еске алушылар: №11 Психологиялық –
педагогикалық
түзету кабинетінің
ұжымы